Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кез келеді. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Бұл Президенттің өз Жолдауында тіл тақырыбында айтқан сөзі еді. Қазіргі мемлекеттің саясаты ана тілімізді трендке айналдырып, көптің сөйлеуіне ықпал ету. Бейбіт және көркем түрде қазақ тілінің мәртебесін көтере беру. Түркістандағы тілдер мерекесіндегі жиыннан Лаура Сарман сөз алады.

5 қыркүйек – бұл көпэтносты елдің тілдік байлығын құрметтеп, олардың арасындағы достықты нығайтуға бағытталған мереке. Түркістан облысында мемлекеттік тілді еркін меңгерген тұрғын үлесі 91,8 пайызға жеткен. Ал орыс тілін білетіндер 64 процент. Ағылшын тілінде халықтың 16,2 пайызы еркін сөйлей алады.

ӘЗІМХАН ҚОЙЛЫБАЕВ, МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ               
«Бүгінде облыстағы өзге этнос өкілдерінің арасындағы қазақ тілін толық меңгерген азаматтар үлесі 74 пайыз құрап отыр. Осы тұрғыда ел ертеңі саналатын жастардың қазақ, орыс, ағылшын және өзге де әлем мойындаған тілдерді жетік меңгеруін біз жаһандық дәуірдегі жаңа заманның игі талабы ретінде қабылдауымыз керек»

Мерекелік кеш барысында тілдерді дамыту орталықтарының арасында өткен байқау жеңімпаздары марапатталды. 16 аудан, қала ішінде төлебиліктер үздік атанды. Аймақтағы орталықта жасанды интеллект, жаңа технологиялар қолданылып, трендтегі тәсілдер пайдаланылады.   

АҚНҰР ЖАҚЫПОВА, ТӨЛЕБИ АУДАНЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ        
«Тілдерді оқыту орталығы ересектерге тіл оқытумен бірге жалпы аудандағы жарнама, көрнекі ақпараттар бойынша акция ұйымдастырылып, солардың дұрыс жазылуы, қате жазылуы бойынша жұмыстар жүргіземіз. Латын әліпбиі бойынша халықты дайындау мақсатында көз дағды, қол дағдысын қалыптастырамыз»

Қазақстандағы әр этностың тілі – халықтың мәдениеті мен  тұрмысының ажырамас бөлігі. Тілдер күні аясында халықтар арасындағы өзара түсіністік, сыйластық артып, бір-біріне деген құрметі күшейеді. Бұл мереке елдің тұрақтылығы мен бейбітшілігін нығайтуға елеулі үлес қосады. Айтулы датада қазақ тілінің тағдыры талқыланып, алдағы жоспарлар бекітіледі.

БАЯН АДЫРБЕК, «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ – ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ              
«Бүгінгі мереке, Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай өткізіліп жатқан тілдер мерекесі біз үшін үлкен қуаныш, жетістік, ұлттық мерекеміз. Тілі жоқ ел жоғалады. Авардың ұлы ақынының «туған тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деген сөзі шындық»

Тілді сақтау мен дамыту – тек мәдениеттің ғана емес, елдің болашағының кепілі. Қазір қазақ тілінің мәртебесі артып, жастар арасында танымалдыққа ие. Оған заманауи жанрдағы әндер мен жастар шығармашылығының, олардың аудиториясының ауқымдылығы сеп болып жатыр.

БАҚЫТЖАН БЕЙСЕНБАЕВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ
«Баршаңызды тілдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Біздің ана тіліміз – қазақ тілі мәңгі жасай берсін.бәріміз қазақша сөйлейік, қазақша өмір сүрейік, қазақша үйренейік, қазақша салт-дәстүрімізді сақтайық»

Қазақстан – мәдениеттер мен тілдердің тоғысқан жері. Әсіресе, Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы болғандықтан, бұл жердегі қазақ тілінің рөлі тым жоғары. Мұндай іс-шаралар жыл сайын ұйымдастырылып, елдің тілдік мұрасын сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізудің маңызды құралына айналып келеді.