Мемлекет басшысы Жолдауында кейінгі жылдары әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқанын айтты. Сондықтан атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керегіне тоқталған еді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ғалымдар атом энергетикасын дамыту мәселесін жастармен талқылады.

Рамиль Ильясов энергетика саласының ардагері. Бүгінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Энергетика және дәстүрлі емес энергетикалық жүйелер» кафедрасының доценті, профессор. Оның айтуынша, дамыған елде энергияға тұрақтылық керек. Ал оны атом электр станциясы ғана бере алады.    

РАМИЛЬ ИЛЬЯСОВ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР
19 ғасырда дүниежүзінде темір жол саламыз ба, салмаймыз ба? Ол адам баласына қауіпті емес пе? деген сияқты сұрақ болды. Қазір қарасақ күлкілі, әрине. Темір жол салынды, бұл технология бүкіл мемлекеттің экономикасының өсуіне алып келді. Дәл сол сияқты қазір де АЭС саламыз ба дегенді талқылап жатырмыз. Жылу, жел, су электр станциясы сияқты бұл да заман талабы. Егер барлық әлем осы технологияға көшсе дүниежүзіндегі уран қоры арқылы энергия мың жылға жетеді.   

Жастармен талқылауда қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы дүниежүзіндегі 439 атом электр станциясының үшеуінде ғана ақау болғанын айтты. «Ал бұл статистика одан үрейленіп, Қазақстанда АЭС-тің салынуына қарсы болуды көрсетпейді», - деді ол.   


Кездесуде университеттің Басқарма төрағасы – Ректор м.у.а. Қайрат Нұрманбетов  те пікір білдірді. Мемлекет басшысының атом энергетикасын дамытуға қатысты шешімінің арғы жағында еліміздің экономикалық дамуы жатқанын ескерген жөн деді.


Оқу ордасының ғалымдары мен сарапшылар АЭС бойынша студенттердің ойында жүрген сауалдарына жауап берді. Станцияның қауіпсіздігі, экологияға әсері, атом энергетикасы үшін кадрлар даярлаудағы мәселелер талқыға түсті.