Өзі өлсе де, 4 адамға өмір сыйлап кетті. Түркістан облысында жол апатынан қайтыс болған 18 жасар жігіттің бауыры мен екі бүйрегі, өкпесі және жүрегі трансплантация қажет болған науқастарға бөліп берілді. Бір бүйрегі Түркістан тұрғынына қондырылса, жүрегі 58 жастағы шымкенттік азаматқа 2-ші өмір сыйлады. Дәрігерлер күні кеше жүрегі ауыстырылған науқастың есін жиғанын жеткізді.


Күрделі ота 6 сағатқа созылған. Сол аралықта 58 жастағы науқастың жүрегі мен өкпесі арнайы аппаратқа жалғанып, жасанды тыныс алып тұрған. Дәрігерлер жүрек трансплантациясының сәтті жасалғанын жеткізді. Отадан кейін 18 жастағы жігіттің жүрегі қондырылған реципиент реанимация бөліміне ауыстырылып, есін жиған. Бұл – Шымкент жүрек орталығында мәйіттік донор арқылы жасалған екінші жүрек трансплантациясы. Өткен жылдың шілдесінде Астанадағы Ұлттық ғылыми орталық қызметкерлерінің көмегімен күрделі отаны жасаған шымкенттік дәрігерлер бұл жолы өздері алып шыққан.  Мәйіттік донордың ағзасын алуға туыстары заңды түрде рұқсат берген. Сөйтіп, қайтыс болған 18 жастағы жігіттің бір бүйрегі Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының базасында түркістандық тұрғынға қондырылса, жүрегі шымкенттік азаматқа трансплантацияланды. Ал, өкпесі мен бір бүйрегін тізімдегі науқастарға жеткізу үшін Алматы мен Астанадан арнайы бригада келіп ағзаны алып кеткен. Қазіргі таңда елімізде 131 адамның жүрегін ауыстыру қажеттілігі туындаған болса, оның 16-ы Шымкент және Түркістан облысының тұрғындары екен.