Мемлекеттік қызметкерлер тергеу колониясына экускурсия жасады. Бұл жолы шенділер №69 түзету мекемесінде болып сотталушылардың жататын жерін, жеке камераларын, серуендеу ауласын аралап көрді. Мұндай іс-шараны ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті шенеуніктер арасындағы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын-алу үшін ұйымдастырды.


№69 тергеу изоляторына бас-аяғы 60-қа жуық мемлекеттік қызметші келді. Олар алдымен кіреберісте қатаң тексеруден өтті. Ұялы телефондарын ұяшықтарға қалдырып кетті. Тәртіп солай. Өткір зат, көзілдірік, үй немесе автокөлік кілтін де алып кіруге рұқсат жоқ. Себебі мұнда заңбұзушылыққа жол бергендер мен күдікті азаматтар отырады.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мұндай іс-шараны жылда ұйымдастырады. Бұл жолы мемлекеттік қызметшілерге сотталушылармен тілдесуге рұқсат берілмеді. Деседе тар қапасқа кіріп, аралап шығудың өзі үрей туғызады. Іс-шараны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «өз бостандығыңды бағала» акциясы аясында ұйымдастырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі келесі жолы түзету колониясына спорт және жұмыспен қамту салаларындағы қызметшілерді алып келуді жоспарлап отыр.