Жастарды жұмыспен қамту күн тәртібінен түспейді. Шымкенттің өзінде 2027 жылға дейін 1,5 миллионнан астам жасты жұмыспен қамту қажет. Бұл Аманат партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы міндеттің бірі. Осы орайда партия жастар көп жиналатын жерде бос жұмыс орны жәрмеңкесін өткізді.

Сандуғаш Маратқызы Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде архитектор мамандығы бойынша кәсіби білім алған. Университетті биыл бітірген дипломы бар түлек енді жұмыс іздеп жүр. Жәрмеңкеде өзіне ыңғайлы нұсқаларды таңдап, түйіндемесін қалдырған.  Жәрмеңкеде биылғы бітіруші түлектерге, жұмыс іздеп жүрген қала тұрғындары мен жас мамандарға жеке және мемлекеттік қызметке орналасудың тәртібі түсіндірілді. Жалпы 82 мекемеден 963 тұрақты бос орын ұсынылды. Мемлекеттік бағарламалар бойынша 150 мекеме 3 мыңнан аса уақытша бос орын ұсынды. Сонымен бірге онлайн түрде қызметкер іздеген жұмыс берушілер де болды.  Іс-шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов та қатысты. Ол жұмыс берушілермен әңгімелесіп, талаптарын тыңдап көрді. Ал «Аманаттықтар» жастарды жұмыспен қамту – партияның негізгі міндеттерінің бірі екенін айтты. Жұмыс берушілер 500-ге жуық адамға кеңес, 103 адамға жолдама берді. Атап айтқанда, 50 адам тұрақты жұмысқа, 30 қатысушы «Жастар практикасы», 18 жасқа «Алғашқы жұмыс» орнына, 5 адам «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасы бойынша жолдама алды. Одан бөлек, 41 адамға қысқа мерзімді кәсіптік оқу мен қайтарымсыз грант алу бойынша кеңес берілді.