Сонымен бірге «Жастарға жұмыс» республикалық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде еліміздің солтүстік облыстарынан да мамандар келді. «Арбат» алаңындағы іс-шарада тұрғындарға ерікті түрде Солтүстік өңірге қоныс аудару бағдарламасы бойынша кеңес берілді.


Елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару бойынша биыл жалпы 9483 квота қарастырылған. Оның ішінде 2433 қандастарға болса, 7050-і ішкі қоныс аударушыларға бөлінген. Жалпы оңтүстік өңірлерінен солтүстікке көшуге ниет білдіргендердің көбі Павлодар облысына қоныстанады екен. Биыл да Кереку жеріне 2600 бірлік квота бөлініп, оның елу пайызы орындалған. Жәрмеңкеде Павлодар облысынан бөлек Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарының делегат мүшелері де болды. Аталған өңірлердің Мансап орталықтарының мамандары солтүстікке қоныс аудару, кәсіптік оқыту және жұмыспен қамтудың белсенді шаралары туралы айтты. Жалпы іс-шара аясында 77 отбасы ерікті түрде Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірді.  Жалпы жыл басынан бері Шымкенттен 54 отбасы, 179 адам солтүстік-шығыс өңірлерге көшкен. 94 адам Павлодар облысына, 75 адам Солтүстік Қазақстан облысына, 1 адам Абай облысына тағы 9 адам Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударған. Қоныс аударған 179 адамның 94-і жұмысқа қабілетті, оның ішінде 67-і тұрақты жұмыспен қамтылған.