2024 жылы Шымкент қаласының егін шаруашылығын дамыту және өнімділікті арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 911 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қолдау ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар бағыттарға жұмсалып жатыр.

Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 122 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда шаруашылықтар 560 тонна тыңайтқыш сатып алды. Жылыжай кешендерінің коммуналдық шығындарын азайтуға 767,8 млн теңге қарастырылған. Тұқым шаруашылығын дамытуға 20,5 млн теңге бөлінсе, пестицидтер мен биоагенттерге (энтомофагтарға) 600 мың теңге субсидия қарастырылған. Көктемгі егіс жұмыстарына 35,9 тонна дизель отыны толық бөлініп, шаруашылықтарға таратылды.

 ҚАЙРАТ БАЗАРБЕКОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Ал күзгі егін жинау жұмыстары үшін 104,5 тонна дизель отыны бөлініп, оны тарату міндеті «Ұлы Орда 01» ЖШС-на жүктелген. Бүгінде шаруашылықтарға дизель отынын тарату жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын, бағасы литріне 250 теңге болып бекітілген.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қаладағы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының өнімділігі артып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі күшейіп келеді. Осы жылы қалада 5,1 мың тонна ет, 41,1 мың тонна сүт және 100,2 млн дана жұмыртқа өндірілді. Мал шаруашылығын қолдау мақсатында 420,8 млн теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Шымкентте бүгінде 109 мың бас ірі қара мал, 133 мың ұсақ мал, 20 мың жылқы және 1 млн құс тіркелген.