Елімізде жыл басынан бері есірткі таратып, оны жасырып жүрген кәмелет жасына толмаған 30 бала ұсталды. Полиция қызметкерлері оқу орындарында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Әсіресе басты назарда жоғары сынып оқушылары мен ата-аналарынан жырақта жүрген 1-2 курс студенттері болады. Осы орайда, Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасады.


БАҚЫТЖАН ӘМІРХАНОВ, ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
-Құрметті ата-аналар! Биылғы жылдың сегіз айында полиция есірткі таратуға қатысқаны үшін 30 кәмелетке толмаған баланы ұстады. Есірткі жасырумен айналысатын 14 жастағы жасөспірімдер де кездеседі. Олар есірткі қылмысының жекелеген түрлері бойынша ересектермен бірдей қылмыстық жауапкершілікке тартылады.


КҮНТУ АРЫНБЕК – ТІЛШІ
Ішкі істер органдары ата-аналардан баламен олардың барлық әрекетінің құқықтық салдары туралы ашық сөйлесуге шақырды. Балаларыңыздың ортасын біліп, олар пайдаланатын интернет-ресурстарды бақылауыңыз қажет. Жасөспірімнің заттарындағы кез келген дәрі-дәрмек қаптамаларына, фольгаға, шыны түтіктерге  назар аударыңыз. Мұның бәрі синтетикалық есірткіні қолдануға арналған құрал болуы мүмкін, - делінген үндеуде.


 БАҚЫТЖАН ӘМІРХАНОВ, ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 
- Егер жасөспірімнің үлгерімі күрт төмендеп, сабаққа бармай, қарым-қатынас айналасы өзгерсе, бұл ата-аналардың күдігін туғызуға тиіс. Есірткіні қолданудың жанама белгілері көңіл күйдің жиі өзгеруі, ашуланшақтық, апатия болуы мүмкін.


КҮНТУ АРЫНБЕК – ТІЛШІ
Жасөспірімнің есірткі таратумен айналысатынының тағы бір белгісі – көп ақша, қымбат заттарды сатып алуы. Егер баланың телефонында, мессенджерлерде геолокациялары бар белгілер, есірткі жасырылған жерлердің фотосуреттері, үй қабырғаларында, стендтеріндегі басқа да жазбалар болса, бұл да күдік туғызуы керек, - дейді полиция. Есірткі қылмысы үшін жауапкершілік 16 жастан, ал қылмыстардың жекелеген құрамы бойынша 14 жастан басталады.