Түркістан облысында білім беру мекемелерінің ғимараттарын салу жұмысы қарқынды.  Өңірде 21 білім нысанының құрылысы қолға алынып, оның 4-еуі тапсырылған. Жыл соңына дейін 10 мектеп ашылады.


7-еуі келесі жылға өтпелі.  Сонымен бірге «Жайлы мектеп» жобасы да сәтті жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба арқылы 63 мектеп салу көзделген. Оның 29-ының құрылысы аяқталуға жақын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласында салынып жатқан «Жайлы мектептердің» құрылыс барысын қадағалап, мердігер мен жауапты басшыларға жұмысты ширатуды тапсырды. Қазір жаңа қала аумағында 2 мектеп бой көтеруде. Сонымен бірге «Яссы»  шағынауданында 1200 орындық білім ошағы салынып жатыр. Құрылысы 2023 жылдың желтоқсан айында басталған нысанды биыл жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған. Өңір басшысы жұмысты жеделдету, құрылысшылар санын көбейту, білім ұясын талапқа сай салу жөнінде тапсырма берді.