Биыл Түркістан облысында 120 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның 60 %-дан астамы тұрақты орындар. Бұлар «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында және Ұлттық жобалар мен Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізіледі.
Білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларда жаңадан салынған нысандарға және субсидияланатын жұмыс орындарын аяқтағандарға тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Өңір басшысы осы жылға бекітілген индикаторлардың мерзімінде толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен барлық аудан, қалада ашылатын «Отбасын қолдау орталығының» жұмысын жүйелеуді міндеттеді. Отбасында зардап шеккендер осы орталықпен байланысып, жаңадан ашылып жатқан орталықтардан психологиялық, құқықтық және консультациялық көмек алса болады.