Дәрменсіз борышкерлерге арналған Заң жобасы түсіндірілді. «Заң және тәртіп» қағидасы аясында кеңесші Ақниет Ақылбекова құжаттың талаптары туралы ақпарат ұсынды. 3 рәсімнен тұратын тәртіпте сотқа дейінгі банкроттық және соттық, төлем қабілетін қалпына келтіру бар.
Егер сізге сот шешімі бойынша немесе соттан тыс тәртіпте банкрот мәртебесі берілсе, 5 жыл ішінде кредиттер мен қарыздарды ресімдеу мүмкін болмайды. Ломбардтағы мүліктік несие бұған жатпайды. Банкте кепілгер болуға тыйым салынады. Банкроттықтың келесі рәсімін тек 7 жылдан кейін жүргізуге рұқсат етіледі. Мәртебе алғаннан кейін үш жыл ішінде Мемлекеттік кірістер департаменті сіздің қаржылық жағдайыңызды бақылайды.
4-Заң және тәртіп: 00:37 – 01:02 «Егер де барлық кредиторлар алдында яғни, банктер, коллекторлар және МКҚҰ алдында барлық қарызыңызды есептегенде 2024 жылға 1600 АЕК, бұл 5 млн 907 мың теңгеден аспайтын болса, онда Сіз сотқа дейінгі банкроттық рәсімін қолдана аласыздар»
Егер сіздің қарызыңыз мүліктің құнынан кем және тұрақты табысыңыз бар болса, сот арқылы төлем қабілетін қалпына келтіре алады. Бұл жағдайда банкрот мәртебесі берілмей, жоғарыда аталған шектеулер жоқ болады. Төлем қабілетін қалпына келтіру шарттары сот банкроттығына қойылатын талаптармен бірдей. Сотқа жүгініп, дәл сондай құжаттарды ұсыну қажет. Тек өтініш берген кезде айырмашылық бар: өтінішті банкроттыққа емес, төлем қабілетін қалпына келтіруге беру керек. Қаржы басқарушысы мүлікті бағалағаннан кейін, ол процедураны қолдану туралы қорытынды береді. Өтінішіңіз мақұлданса, сот оның қорытындысын қабылдап, қаржы басқарушысы борышкермен бірге жоспар жасайды. Оның максималды мерзімі — 5 жыл. Жоспарда борышкерге кредиторлармен есеп айырысуға көмектесетін ықтимал кіріс көздері сипатталады. Оларға жұмысқа орналасу, мүліктің бір бөлігін сату немесе екі бөлмелі пәтерді бір бөлмелі пәтерге айырбастау сияқты шаралар жатады. Сонымен қатар жоспарда қарызды өтеу әдісі қарастырылуы керек.