Шымкентте қызыл сызыққа түскен сауда орталығы сүрілді. Ені босатылған жерге жол салынады. Нысан иесі әкімдікдің ұсынысын бірден қабылдап, жайлы орта салу ісіне дұрыс көзқарас танытқан.
Шаһардағы Сейдолла Бәйтереков көшесі мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысында орналасқан 3 қабатты сауда орталығы 4 соттық жерді қамтиды. Орталықтың қызыл сызық аумағында тұрғанына 10 жылға жуық уақыт өткен. Соған қарамастан, аталған нысан жұмысын жалғастырып келген. Екіжақты мәміле негізінде ғимарат босатылғанымен, нысан иесіне мемлекет тарапынан ешқандай қаржы бөлінбеген. Бүгінге дейін сауда орталығында басқа да кәсіпкерлер өз істерін дөңгелетіп келген. Мәселен, мұнда фаст фуд, азық түлік дүкендері және түрлі қызмет көрсету нүктелері жұмыс істеген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша соттың шешімімен 4 құрылыс нысаны бұзылған. Ал 2025 жылы 8 құрылыс нысандарын бұзу туралы сот шешімі қабылданған, ол бойынша сот шешімдерінің орындалуы сот орындаушылардың қарауында.