Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сондай-ақ бұл күні басқарма басшылары мен аудан әкімдері де қоғамдық қабылдау өткізді. Онда азаматтар шешімін күткен мәселелері бойынша арыздарын жеткізіп, жауап алды. Билік басындағыларға өтінішпен келген тұрғындардың мәселесін тілші жеткізсін.
Таңғы сағат 9-дан бастап қала әкімдігіне жиылған жұрттың қарасы қалың. Бірі газ, бірі су мен жолдың мәселесін айтып келген. Ал Көпжасар Есімхановтың мәселесі тым басқа. 30-дан асқан баласының дертіне ем-дом іздеп келген.
КӨПЖАСАР ЕСІМХАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Балам инвалид, 9 жылдан бері төсекте жатыр. оған қарайтын кемпірім де ауырып қалды. Сол балама ем-дом жасап, портал арқылы сауықтыру орындарына жібере алмай жүрмін. Осы мәселемен қала әкіміне кірмек болғам. Кезек күтіп жүрмін. Қазір мамандарға жолықтым, 2025 жылдық жоспарына енгізді. Қуанып қалдым.
Елімізде қолға алынған реновация бағдарламасы талай тұрғынды қуанышқа бөлеген. Десе де осы игілікке қол жеткізе алмай отырғандар да баршылық. Бүгін қоғамдық қабылдауға Көлсай мөлтекауданының тұрғындары ескірген үйлерін жаңарту бойынша мәселелерін арқалай келген.
ПІРІМЖАН БОТАШОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Біз Көлсайда 40 жылдан бері тұрып келеміз. Рахмет көмек жоқ емес, бар, бірақ неге бізге де дер уақытында жасалмай жатыр деп сұрап білуге келіп тұрмыз. Қуаныш Асылов деген кісіге жазылғанбыз, ол кісі больничныйда екен, енді мына мамандардан жауап алып жатырмыз.
Сондай-ақ тұрғындар арендалық баспаналарды жекешелендіру, осындай көпқабатты үйлердегі лифт мәселесін де көтерді. Тиісті сала мамандары әр тұрғыннның өтінішін қанағаттандыру бойынша жұмыс жасайтындарын жеткізді.