«Алаш» халықаралық сыйлығының иегері, көрнекті жазушы, журналист, аудармашы Мархабат Байғұттың көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді. Осыған орай, жылнамалық іс-шаралардың жоспары түзілген. Алғашқысы Шымкентте өтті. Бұл күні ҚР Еңбек сіңірген қайраткерінің құрметіне арналған «Мархабат»  журналының тұсауы кесілді. Дәл осындай атаумен арнайы сайт ашылды.
Мархабат Байғұт 1945 жылы 25 мамырда Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы аудандық, облыстық басылымдарда, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған. Жазушының «Шілде», «Нәуірзек», «Қорғансыз жүрек», «Серт пен сенім» және тағы да басқа кітаптары жарық көрген. Оның шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, қарақалпақ, саха тілдеріне аударылған.
 Жиынға Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы мұрындық болып отыр. Осы өңірден шыққан әдебиет майталмандарының шығармаларын насихаттаудан көш бастап отырған мекеме ұжымы 80 жылдыққа орай оқырманды танымдық кештермен қуанта бермек.
2000 тиражбен таралатын Мархабат журналының жарыққа шығуына жазушының рухани інісі Ғалымжан Елшібай мұрындық болып отыр.
 Мархабат Байғұт қазақ жерінде ғана емес, Түркісой деңгейінде қалам тербеткен. Оның шығарма жазып қана қоймай, өзгеге үлгі бола алатын қасиеті қатарластарының әлі жадында.
 Іс-шара барысында кемеңгер жазушы жайында естелік айтқандар көп. Бәрі де қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан арда азаматтың дара жолы мен оқырманына деген сүйіспеншілігін ерекше жеткізіп жатты.