Түркістан облысының тәртіп сақшылары трассада жолаушыдан 2 келі есірткі тәркіледі. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері 42 жастағы күдіктіні есірткіні заңсыз сақтағаны мен тасымалдағаны үшін ұстады.
Оқиға Батыс Еуропа - Батыс Қытай трассасында "Сауран" бекетінің жанында "Тойота Камри"маркалы көлікті тоқтатқан кезде болған. Тексеру барысында жедел уәкілдер жолаушыдан есірткіге ұқсас заты бар 3 полиэтилен пакетін тапқан. Алынған заттың жалпы салмағы шамамен 2 келі болыпты. Оралған зат кептірілген марихуана екен. Қазіргі уақытта осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті, Қызылорда облысының тұрғыны қамауға алынды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.