Шымкентте бұрын-соңды болмаған «дрон шоу» шеруін атақты технолог, әйгілі өнертапқыштар емес қарапайым мектеп оқушылары өткізді. 6 желтоқсанға жоспарланған шоу ауа-райының қолайсыздығына байланысты кейінге қалдырылып 5 қаңтар күні қалалық орталық атшабарда өткізілді. Шоу аясында 100-ге жуық дрон көкке көтеріліп, түрлі-түске боялды. Санқилы бейнеге еніп, аспанда шеру жасады.
Оқушылар дрондарды дайын күйінде сатып алмаған. Бәрін жоқтан жасақтап, өздері құрастырыпты. Ол үшін 15 адамнан тұратын тұтас команда жұмыс істеген. Бәрі де білім алушылар. Соның бірі – 12 сынып оқушысы Абылай Жанысбек. Айтуынша, бұрын-соңды мұндай инвоция Шымкент түгіл елімізде болмаған. Тыңнан түрен салуды мақсат тұтқандар 100 ұшу апаратын жасап шығуға екі жылдарын жұмсаған. Қажетті бөлшектерін Қытайдан алдырыпты.
АБЫЛАЙ ЖАНЫСБЕК, ОҚУШЫ
– «Детальдарды Қытайдан тапсырыс арқылы алдырдық. Тұтас команда жұмыла отырып құрастырдық. Кейбір тұстарда апай-ағайдардан көмек сұрадық.» «Екі жылда осы 100 дронды жасап шықтық»
Мүдделестер жауапкершілікті тең бөлген. Әркімнің өзіндік рөлі, қызметі бар. Бірі ұшатын роботтың техникалық тетіктерін жетілдірсе, енді бірі дронның ұшу-қону, әуе қозғалыс алгоритмін түзеді. Команда мүшесі Абылайхан Мұхтар – дрондарды тек әсем қозғалыс үшін емес, пайдалы қызмет көрсету үшін де құрастырдық дейді. Айтуынша, алдағы уақытта ұшатын құрылғы мүмкіндіктерін жетілдіріп, оны зат тасымалдау, өрт сөндіру салаларына бейімдемек.
АБЫЛАЙХАН МҰХТАР, ОҚУШЫ
– «Шоу ретінде де қолдануға болады. Сондай-ақ басқа да мәселелерге қол ұшын соза алады дрондар. Мәселен, өрт сөндіру қызметі, медицина..» - «Тауар тасымалдауда қолданса болады.»
Мектеп басшылығы ұмтылысы бар оқушыларға мүмкіндігінше жағдай жасап, қолдау көрсетуге тырысады. Осылай деген оқу бөлімінің қызметкері оқушыларға әр тарапты қолдау көрсететінін айтады.
ӘЛИЖАН ШАЙМАХАНБЕТ, ОҚУ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
– «Бізде арнайы «СТЕМ» кабинет бар. Барлық заманауи технологиялармен жабдықталған. Оқушылар сабақтан тыс уақытта ғылыми мүмкіндіктерді пайдалана отырып жаңа жобалар жасауға болады»
Таланты мен талабы қабысқан жас технологтар IT маманы болуды мақсат тұтқан. Қазір осы мақсатқа ұмсынып, ұлттық біріңғай тестілеуге даярлық көру үстінде.