Мемлекеттік кеңесші Батыс Қазақстан облысында қоғам белсенділерімен бірқатар кездесу өткізді. Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай мүшелерімен кездесу аясында облыстық қоғамдық кеңес өкілдерімен жүздесіп, елімізде және өңірде Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жүзеге асыру мәселесін талқылады.
Сонымен қатар өңірдің зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен кездесу өтті. Басқосуда Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы жалпыұлттық жобалары туралы айтты. Мектеп директорларымен өткен жиында биылғы оқу жылынан бастап қолға алынған «Біртұтас тәрбие» атты жаңа бағдарламаны талқылады. Сондай-ақ Ерлан Қарин Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында биыл шілде айында ашылған Психологиялық қолдау көрсетудің облыстық әдістемелік орталығының жұмысымен танысты. Сапар барысында Мемлекеттік кеңесші облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің, қала және аудан әкімдерінің, мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен ішкі саясат мәселелеріне қатысты жиналыс өткізді.