Енді мемлекет нәтижесі мен маңызы төмен спорт түрлерін қаржыландырмайды. Осылай деген туризм және спорт министрлігі ел бюджетінен серпін алатын спорт түрлерін 180-нен 60-қа дейін қысқартуды көздейді. Сондай-ақ бұдан былай шетелден келген спортшыларға да қазынадан ақша берілмеуі мүмкін.
Көпшілік кеңінен талқылаған заң жобасы Мәжіліске жетіп, жан-жақты талқыланды. Отандық спорттағы ең өзекті мәселелер көтеріліп, оны шешу жолдары ұсынылды. Әсіресе заңмен бекітілуі тиіс түйіткілдерге ерекше екпін жасалды. Мемлекеттен қаржыландырылатын спорт түрлерінің саны үш есе қысқарады. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, қаржыны барынша тиімді пайдаланып, қажетті бағыттар айқындалуы қажет. Енді мемлекет қолдау көрсететін спорт түрлері олимпиадалық және паралимпиадалық, сондай-ақ Азия ойындары бағдарламасына енген спорттық бағыттар аясында болуы мүмкін деп күтілуде. Ұлттық спорт да назардан тыс қалмайды.  Ал қалған спорт түрлері бойынша терең сараптама жасалады.