Улы газдан абай болыңыз! Әсіресе, қыс ауасында үйді жылыту кезінде, аса сақтықпен қимылдаған жөн. Егер де жылыту пештерінен немесе газ құрылғысынан қандай да бір ақауды байқасаңыз, тез арада ретке келтіріңіз. Осы орайда халықтың қауіпсіздігіне алаңдаған төтеншеліктер тұрғандарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жылыту маусымында сақтық шараларын күшейткен Ордабасы аудандық төтенше жағдайлар бөлім қызметкерлері көпқабатты үй тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр. Көбінде, табиғи газдан улану фактілері түтін сорғыш құбырлардың бітелуі салдарынан орын алып жатады екен. Қыс ауасында каменді пештер мен жылытқыштарды аса сақтықпен пайдаланған жөн. Сонымен қатар, пештің жылу алмастырғышында ақау бар жоқтығын қайт-қайта тексеріп тұру артықтық етпейді.
АҚТЫГҮЛ ДЕГЕНБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
– «Бетін аулақ қылсын, жылу берілгелі бізде ешқандай қайғыылы, оқыс оқиға орын алған жоқ. Оның бәрі осы жігіттердің уақытылы келіп, тексеріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізгенінің арқасы деп ойлаймын»
Тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде, қауіпсіздік талаптарының сақталмауының салдары қайғылы жағдайларға әкеліп соқтырып жататыны жасырын емес. Қайғылы оқиғалардың алдын-алу үшін жылында кем дегенде бір рет жылыту пештерін, газ құрылғыларын тексерістен өткізіп тұру керек дейді мамандар. Айтып келмейтін апаттың алдын алу мақсатында жүйелі тексеріс жұмыстарын жүргізіп, ақауы бар тұрғын үйлерге ескертпе көмектерін көрсетуде.
ЖОМАРТ ҚҰРМАНБЕКҰЛЫ, АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ
– «Бір үйде анықталған кемшілік газ қаупін ескертетін дабыл қаққыш жоқ екен. Біз оны бірден сол сәтте орнатып бердік. Сондай-ақ, мұржасы жоқ үйге де тап болдық. Қазір мамандармен ақылдасып, ертең ол ақауды да ретке келтіру жоспарланып отыр.»
Көзге көрінбейтін түссіз газдан уланудың белгілері байқалған жағдайда, бөлмені желдетіп, тез арада таза ауаға шығу қажет. Бұл ретте жедел жәрдем көмегіне жүгінген абзал. Өйткені, ыс денеге таралған жағдайда өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ, қауіпсіздік техникасының мына бір тұсын естен шығармаған абзал; күн суықта көлікжайда жылынамын деп автокөлікті сөндірмей кетуден сақ болыңыз. Соңғы уақытта көліктердің өртке орану оқиғалары жиілеген.