15 қараша – ұлттық валюта төл теңгеміздің күні. 1993 жылы 12 қарашада ҚР Президенті Н. Назарбаев «Қазақстанның ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Алайда, оған дейін ұзақ және тыңғылықты дайындық жұмымыстары жүргізіліп, теңге тұжырымдамасын валюта ретінде әзірлеуде Дәулет Сембаев, Григорий Марченко, Ораз Жандосов және ҚР Ұлттық Банкінің бірінші төрағасы  Ғалым Байназаров, сондай-ақ басқа да мемлекет қайраткерлері қатысқан.
 Ал, теңгенің бейнесін салу жөніндегі шығармашылық топқа Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымысалы Дүзелханов және Хайрулла Ғабжалилов кірді. Олар банкноттардың бірнеше эскиздерін жасап, 4 нұсқа дайындаған.  Қазақтың көрнекті ғылым және мәдениет қайраткерлерінің - қазақ мемлекетінің негізін қалаушыларының портреттері бейнелеген соңғы нұсқа таңдалып алынған.
Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге әлемдегі ең үздік валюта деп танылған. Қатарынан үш марапатқа ие болған төл теңгеміз «2011 жылдың үздік банкноты» деп Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік естелік банкнотына берілді. Ал, «Қазақ Елі» сериясындағы номиналы 5 000 теңгелік банкнот «2012 жылдың үздік банкноты» деген екінші наградаға ие болды. Қазылар алқасы купюраның дизайына, оның идеологиясына және қорғаныш деңгейіне ерекше назар аударған. 2014 жылы ҚР Ұлттық Банкі тағы да «Жылдың үздік банкноты» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Ол «Күлтегін» түркі жазуына арналған номиналы 1 000 теңгелік естелік банкнотқа берілді. Айта кетейік, теңгенің 20-дан астам қорғаныш элементі бар. Сондықтан ол әлемдегі ең қорғалған валюталардың қатарына жатады.