Түркістан өңірінде кәсіп ашқысы келетін инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. Жасаймын деген кәсіпкерге мүмкіндік пен қолдау көп. Осылай деген облыс әкімі инвестициялық штабтың кезекті отырысында өндіріс орындарын ашқысы келетін кәсіпкерлермен талқы өткізді. Ұсынылған жобаларды жан-жақты талдап, сараптама жүргізді. Азаматтардың ой-пікірін тыңдап, жоспарларымен танысты.
Инвестициялық штаб отырысында жобасы тынғылықты даярланған кәсіпкерлерге жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетілетіні айтылды. Облыс әкімі инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды жою қажетін алға тартты. Құрылысы жүріп жатқан зауыт, фабрикалардың маңыздылығы мен тиімділігін ескертіп, жауаптыларға инфрақұрылым тартуға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Инвестициялық штаб – бизнес мәселелерін жедел шешуге арналған ашық алаң. Әкім энергетика саласы, сүт өңдеу зауыты, тігін фабрикасы, медициналық бұйымдар өндірісі, мал бордақылау алаңы, кір жуатын ұнтақ, тұрмыстық химия өндірісін қолға алған инвесторлармен тілдесіп, жұмыс барысын пысықтады.
Биыл жалпы құны 136 млрд. теңгені құрайтын 56 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылмақ. Импорттан тәуелділікті азайту мақсатында өндірістік паркте мемлекет тарапынан кәсіпорынға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген дайын ғимарат ұсынылады. Өндірістік кешенде 39 ғимарат бой көтеруде. 10 кәсіпорын іске қосылды. Онда жұмыс бастап жатқан кәсіпорындар салықтан босатылады. Кедендік жеңілдіктер қарастырылған, инфрақұрылымы да бар. Сондай-ақ Түркістан облысында кәсіпкерлердің саны жыл басынан бері 2 мыңға артып, бүгінде 208 мыңды құрады. 282 мың адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі уақытта текстиль кластерін құру және алюминий бұйымдарын шығару зауыты инвестициялық жобаларының құрылысы басталды.