Шымкентте қысқы маусымға 189 арнайы техника дайындалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34-ке артық. Былтыр қар тазалау жұмыстарына 155 техника тартылған болатын. Сонымен қатар, орталық көшелерді тазалауға мердігер ұйымдардың 2000-ға жуық қызметкерлері атсалысады.
Қазіргі таңда мегаполисте жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 магистральдық көше бар. Бұл көшелердің санитарлық және механикалық тазалығын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бес мердігер ұйым қамтамасыз етеді. Алдағы қысқы маусымда Шымкенттің бес ауданында көшелерді қардан тазалау бірнеше ауысымда жүргізіледі. Қыс мезгілінде қарды шығару орындары аудан әкімдіктерімен келісіліп, арнайы бос жер телімдері белгіленеді. Жол мен тротуарлардың тайғақ болмауын қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметтер инертті материалдардың қомақты қорын әзірледі. Атап айтқанда, шамамен 24 800 текше метр құм және 13 200 тонна тұз дайындалды. Биыл инертті материалдар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қосымша келісімшарт негізінде сатып алынды.