Түркістанға өзге облыстан келіп, құқықбұзушылық жасайтындар көп. Бұл жөнінде қала әкімінің орынбасары мәлімдеді. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен мәселенің статистикасын өсіріп отырған да осы фактор екен. «Ұлттық тәрбие – құндылық негізі» атты кеңейтілген кеңес барысында мұнан бөлек өзекті проблемалар талқыланды.

 Кеңейтілген кеңес жылына 2 рет өтеді. Басты өзекті мәселе – жасөспірімдер арасындағы проблемаларды шешу. Ұстаз бен ата-ана арасындағы тығыз байланыс, ұлттық тәрбие, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу жолдары қарастырылады. Келтірілген мәліметтерге байланысты болған фактілердің салдарымен жұмыс істеу үшін және алдын алу үшін ведомствоаралық жоспар дайындалады.

Жиын барысында ведомстволар кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыс бойынша бірқатар сын-ескертпе алды. Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, балалар арасындағы тәрбие мен тәлімнің жоқтығы, ата-анамен байланыстың дұрыс орнамау, халық саны секілді факторлар кері әсерін тигізіп жатыр дейді мамандар.

Кеңесте қала прокуроры, қалалық полиция басқармасының өкілдері, қалалық емхананың бас дәрігері, білім ордаларының директорлары және ата-аналар комитетінің мүшелері сөз сөйлеп, өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Түркістан қаласында балалардың өз-өзіне қол жұмсау фактісі былтырғымен салыстырғында 2 есе өсіп отыр.