ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында ведомство басшысы өткен жылы халықпен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысы туралы айтты.
Жиынға көлік министрі жарты сағат кешігіп келді. Халықпен кездесу белгіленген уақытта басталмай, тұрғындардың ашуын туғызды. Ведомство басшысы мұны өзіндік себебі барын айтып, алдымен жиналғандардан кешірім сұрады.
Кездесу еркін форматта ұйымдастырылды. Баяндамасыз, ешқандай есепссіз өтті. Ә дегеннен сұрақ-жауаппен басталған кездесуге халық белсенді қатысты. Ардагер автокөлік маманы саладағы атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты ойын айтты.
БАЙБОЛАТ БАЙМАХАНБЕТ, АВТОКӨЛІК САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
- Жалпы Қазақстан бойыша 155 жолаушы тасымалдаушы компания бар. Соның 140-ын өз көзіммен көріп, зерттедім. Олардың материалдық техникалық базасын, деңгейін, құрылығылары мен станоктарын көрдім. Мамандардың деңгейі мен тәжірибесін қарастырыдым. Көбі талапқа сай емес.
Жұмыс сапарымен келген Көлік министрі Марат Қарабаев өңірдің жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Еліміздің қоғамдық көлік саласында реформалардың жүзеге асып жатқанын, сәйкесінше автобустар паркі жаңарғанын жеткізді. Қоғамдық көлік қызметімен айналысатын компанияларға берілген субсидия көлемі 280 млрд теңгеге жеткенін айтты.
МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ
- Республика бойынша 10 500 көлік болатын болса, бір жылдың ішінде яғни былтыр 2600 көлік сатып алынды. Биыл тағы екі мың автобус алынады. Бізде автобустардың 77 пайызы тозған еді, яғни 7 жылдан көп қолданыста болған. Биыл бұл көрсеткіштерді 33 пайызға төмендетіп отырмыз.
Жиында министрге ұсыныс айтқан азаматтар да болды. Шымкент қалалық жолаушылар тасымалдау қауымдастығының төрағасы лизингпен алынған қоғамдық көліктерге дизелмен жүруге рұқсат беруді сұрады. Оған себеп қаладағы автогаз тапшылығы дейді. Сонымен бірге автобус жүргізушілерінің де мәселесін көтерді.
ДАРХАН ҚАЮПОВ, ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛДАУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
- Шымкентте қоғамдық көлік жүргізушілерінің орта жалақысы 350-380 мың теңге еді, енді жаңа жылдан бастап 500 мыңға дейін өседі деп ойлап отырмыз. Бүгінде біздің қалада 450-500 ге жуық Д категориясы бар автоус жүргізушілері жетіспейді.
Кездесуде Марат Қарабаев өңірде жол-көлік саласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Құрылысы аяқталуға таяу жаңа әуежай терминалына әкімдік тарапынан автотұрақты абаттандыру, кірме жол салу және инженерлік желілер жүргізу жұмыстары толық орындалғанын жеткізді. Жиында айтылған барлық өтініш бақылауға алынып, министрліктің жауапты қызметкерлеріне тапсырмалар берілді.