Күн суып ауа температурасы төмендесе де, көңіл-күй көтеріңкі болсын! Осылай деген белсенді жастар қарттар үйіне барды. №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында концерттік бағдарлама ұсынды. Ән шырқап, ата-апалармен биледі.
Зәуре Пернебекқызының бұл орталыққа келгеніне 13 жылдан асқан. Содан бері зейнеткер түрлі мәдение кештердің тұрақты көрерменіне айналған. 73 жастағы кейуана Қарттар үйінде құр отырмай, белсенді қозғалыс қажет дейді. Өзі де бос уақытында тынбай тірлік етеді екен.
Түркістан облыстық №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 156 тұрғын бар. Оның 109-ы зейнет жасында, қалғаны 1 және 2-ші топтағы мүгедектігі бар азаматтар. Олардың бойына сергектік сыйлау үшін мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.
Жанды дауыстағы жағымды ән жүректерге жетті. Ырғақты музыка жиналғандарды билетті. Қарттар үйінің тұрғындары өздерінің жастық шағындағы музыканы тыңдап, марқайып қалды. Өз өнерін паш етіп, жағымды эмоция сыйлаған жастар - Жол-көлік колледжінің студенттері.
Кеш соңында Zhanin.kz қайырымдылық қоры есебінен ақсақалдар мен ақжаулықтытыларға сый-сыяпат табысталды. Қазыналы қарттарға құрмет мұнымен шектелмейді. Демалыс күндері волонтерлармен бірге қаланың көрікті жерлері мен демалыс орындарына саяхат ұйымдастырылады.