Әл-Фараби көшесінің қос қапталы жасыл желекке оранады. Шымкенттің батыс қақпасы саналатын аумақта бүгінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Жауаптылар жыл соңына дейін 16 мың түп ағаш отырғызамыз дейді.
Бұл Абай ауданына қарасты Ынтымақ-2 шағынауданы. Түркістан, Қызылорда облыстарына, жалпы батыс өңіріне көліктер тап осы Әл-Фараби көшесі арқылы шығады. Сондықтан да Шымкенттің шеткі аумағын көріктендіру жұмысы қарқын алған. Алдымен өздігінен суару жүйесі жүргізіліп, күре жолдың қос қапталы мен ортасына көгал егілді. Енді міне, ағаш отырғызылып жатыр.
ӘБДІМӘЛІК ТӨЛЕБАЕВ, ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАМАНЫ
-Екі түрлі ағаш егіп жатырмыз. Бірінші түрі - гужын деген ағаш, қарағаштың жаңа сорты. Екінші ағаш - шынар ағашы. Көпжыл жасайтын ағаш, осы Оңтүстік өңіріне лайық. Мың жылға дейін жасайды.
Ыстыққа төзімді келетін шынар ағашы аса көп күтімді қажет етпейді. Биікке ұмтылатын бұл ағаштың формасын бірнеше жылда арнайы фигураға өзгертуге болады. Қою көлеңкесі де жанға сая дейді маман. Ал Көгалдандыру және абаттандыру бөлімінің басшысы бұл көшеттердің Өзбекстаннан әкелінгенін айтты.
ӘДҺАМ ӨМІРЗАҚ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
-Көшеттерді Ташкент қаласынан әкелу себебіміз – Шымкенттің климатына ұқсастығы. Сондықтан талдардың жерсініп кетуіне мүмкіндік көп. Жалпы Әл-Фараби көшесінде 7,5 шақырым жерге, яғни 142 мың шаршы метр аумақты көгалданыдыру жұмысы жүрізілді. Қазіргі таңда 16 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылып жатыр.
Абаттандыру және көгалдандыру жұмысын Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының тапсырысы бойынша AIKHAB PARTNERS ЖШС атқарып жатыр. Шымкентте жалпы «Таза Қазақстан» жобасы аясында жасыл желекті сақтап қана қоймай, оны көбейту ісі де қолға алынған. Ағаш отырғызу арқылы мегополис климатты одан әрі жақсартуға мүмкіндік мол.