Шымкенттің автобус аялдамаларында алғашқы ақылды медиаборд іске қосылды. Бірегей жоба қаланың көлік жүйесін жаңғыртуда маңызды қадам болып отыр. Астана мен Шымкентте ғана бар ақпараттық тақта жайлы әріптесім айтып берсін.

 Қаладағы алғашқы әзірге жалғыз электрондық тақта «Денсаулық» аялдамасына орнатылған. Бұл жүйе арқылы жолаушылар маршрутты тиімді жоспарлай алады.
 Шымкентте 2024 жылы Innoforce.kz компаниялар тобы Avtobys төлем және диспетчерлеу жүйесін енгізген болатын. Сондықтан да «ақылда қала» стратегиясына толық сай келетін инновациялық жобаға қала бюджетінен қаржы бөлінбейді. Барлығы инвестор есебінен жүргізіледі.   
 ЖОМАРТ ҚАМИДОЛЛИН, SMART MOBILITY ЖШС ДИРЕКТОРЫ
 «Біз Шымкент тұрғындарына қоғамдық көлікті қолайлы әрі түсінікті ететін инновациялық шешімдерді қуана ұсынамыз. Медиабордтар автобустың нақты келу уақытын көрсетіп, пайдалы ақпаратпен бөліседі – бұл қала инфрақұрылымын заманауи әрі технологиялық тұрғыда дамытуға бағытталған маңызды қадам».
 Аялдамаларда қоғамдық көліктің қозғалыс кестесін анық көрсететін жаңашылдыққа жергілікті жұрт қуанып отыр. Әсіресе, егде жастағылар үшін өте ыңғайлы болды,- дейді көпшілік.
 Дәл осындай ақылды ақпараттық тақта қазір тек Астана мен Шымкентте жұмыс істеп тұр. Жақын уақытта Innoforce.kz компаниялар тобы Avtobys жүйесі енгізілген басқа қалаларда да медиабордтар желісін кеңейтуді жоспарлап отыр.