Шымкентте салауатты өмір салтын серік еткен зейнеткерлердің қатары артып келеді. Алпысты алқымдап, жетпістен асқан қарттар спортпен кәсіби түрде шұғылданып,  ұлттық ән мен биді де меңгеруде. Бос уақыттарын тиімді өткізуге құштар жандармен әріптесім Гүлнара Асқарқызы әңгімелесіп қайтқан еді. Алдағы сюжетте.

 Ұлт саулығы мен өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға үлес қосып жүрген жандардың бірі – Күләш Сатылғанова. Жетпіске жақындаған зейнеткер 5 жылдан бері осы орталықта йогамен айналысады. Дене жаттығуларын жасап, жеңіл атлетикалық спорт түрлеріне әжептеуір машықтанып қалған Күләш апа денсаулығының әлдеқайда жақсарғанын айтады.

 Зейнет жасындағы қариялар орталыққа күнде жиналады. Алдымен оларды дәрігер қарап, одан кейін әркім қалағанынша бос уақытын тиімді өткізеді. Мерекелік күндерге орай түрлі іс-шараны да өздері ұйымдастырады. Арасында арнау айтып, көңіл көтеріп алатын сәттері де аз емес.

Шымкентте 95 мыңнан астам зейнеткер бар. Оларға дәл осындай 4 орталық қызмет көрсетеді. Онда бір күннің ішінде 800-ге жуық қария кәрілікке бой алдырмай, жан мен тән саулығын сақтап жүр.

Мамандардың айтуынша, зейнеткерлердің белсенді өмір салтына бейімделуі алпыс жастан кейін жаңа тыныстың ашылатынын көрсеткен. Сонымен қатар өмір сүру жасын ұлғайтуға да септігін тигізеді. Таяуда Шымкентте тағы бір орталық ашылады деп жоспарланып отыр. Зейнеткерлерге бұдан өзге сауықтыру кешендері тегін емдеу шараларын ұсынады.