Қазақстанда тағы бір анықтама электрон форматқа ауыстырылмақ. Тиісті бұйрық жобасын Денсаулық сақтау министрлігі жариялады. Ведомство уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасын өткізу, сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық парағы немесе анықтамасын беру ережелеріне өзгерістер енгізу жобасын әзірледі.
Электронды еңбекке жарамсыздық парағы қағаз нұсқасы сияқты адамның уақытша еңбекке жарамсыз екенін растайды және оны жұмыстан уақытша босату мен еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы алу құқығын қамтамасыз етеді. "Аурухана парағы мен уақытша еңбекке жарамсыздық анықтамасы аурулар, жарақаттар, уланулар және басқа да уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайларымен, санаторий-курорттық емдеу, науқас туысына күтім жасау қажеттілігі, карантин, стационарлық жағдайда протездеу, жүктілік және босанумен байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасының нәтижелері бойынша электрон құжат түрінде рәсімделеді", – делінген құжат мәтінінде. Электронды еңбекке жарамсыздық парағын медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы бар ұйымдар рәсімдеп, бере алады.