Түркістан қаласында кезекті жәрмеңке өтті. Тұрғындар қажетті азық-түлік өнімдерін базар нарығынан төмен бағада сатып алды. Оның ішінде картоп та бар. Дәстүрге айналған іс-шараға Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ықпал етіп отыр.
 Түркістан қаласында апта сайын азық-түлік тауарлары жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Бұл жолғысы Turan Mall ойын-сауық орталығының алаңында ұйымдастырылды. Келген халықтың қарасы қалың. Тұрғындар мүмкіндіктен қалыс қалмай, күнделікті тұрмысқа қажет өнімдерді тиімді бағада алғандары үшін ризашылығын білдірді.
Жәрмеңкеде жалпы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауар төмен бағада ұсынылды. Атап айтқанда: картоп пен сәбіз – 100 теңгеден, қырыққабат – 55 теңгеден, пияз – 77 теңгеден, бөлке нан – 70 теңгеден, жұмыртқа – 40 теңгеден сатылды. Бұдан бөлек, ас тұзы – 45 теңге, І сұрыпты бидай ұны – 190 теңге, қарақұмық жармасы – 220 теңге, сүт – 260 теңге, күнбағыс майы – 520 теңгеден саудаланды.
 Аталған корпорацияның өкілі Лаура Жанасбаеваның айтуынша, қазіргі таңда ішкі нарықта картоп бағасының қымбаттауы өзекті мәселе болып тұр. Дегенмен Түркістан өңірінің азық-түлік тұрақтандыру қорындағы өнімдер жеткілікті. Бағасы шарықтап тұрған картоп 3 есе арзан бағада халыққа ұсынылып жатыр.