Биыл Түркістан облысында 7263 сенбілік өтеді. Оған тұрғындар мен кәсіпкерлер тартылып, тазалық жұмыстары білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, дін нысандарында күшейтілмек. Бұл туралы өңір басшысы Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Президент бастамашы болған «Таза Қазақстан» эко акциясы биыл да жалғасын таппақ. Жұмыстар жанданып, басталып та кеткен. 25 техника көмегімен 500-ге жуық азамат Түркістандағы бірнеше көше маңын тазалап, күл-қоқыстан аршыды.
Игі іске еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін атсалысып, ұйымшылдық танытып жүр. Соның бірі ақсақалдар алқасының мүшесі – Қыдырәлі Рысбеков. Айтуынша, қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, қоршаған орта тазалығына үлес қосу – әрбір тұрғынның азаматтық борышы.
Тазалықты өз аулаңнан баста ұранын ту еткен қала тұрғындары да камуналдық қызмет өкілдеріне қол ұшын созып, акцияға белсене араласты. Соның бірі – Пернекүл Самбетова. Айтуынша, қоғамдық мәселелерге үн қатып, белсенділік танытып жүрген тұрғын қала әкіміне өтінім жазып, «Шауғар» тұрғын алабына сенбілік ұйымдастыруды өтінген. Сөзі жерде қалмапты.
Жауаптылар аталған іс-шаралар жоспары жетілдіріліп, жалғасын табады дейді. Алда қала аумағы түгел қамтылып, тазалық жұмыстары жүгізіледі.