Шымкентте отбасылық-тұрмыстық жанжал шығарған 19 тұлға уақытша ұстау изолятырына қамалған. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімдігінің аппарат мәжілісінде айтылды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен жиында тағы бірнеше маңызды мәселе қаралды.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев құқық тәртібін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынаста жасалған құқықбұзушылықтың алдын алу үшін жәбірленуші қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 5 189 тұлғаға қатысты «қорғау нұсқамасы» шығарылған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында құқықбұзушылық жасауы мүмкін 39 құқықбұзушыға қатысты қосымша шектеу шарлары қолданылып, 20 тұлға әкімшілік қамауға алынған, 19-ы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
 Шымкент қаласының санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті басшының міндетін атқарушы Алдарқұл Ахметов эпидемиологиялық жағдай және метапневмовирустың таралуының алдын алу шараларымен бөлісті. Қалада былтыр бірқатар инфекциялық және паразитарлық аурулардың эпидемиологиялық ахуалы тұрақты болды. Ғабит Әбдімәжитұлы бұл ретте профилактикалық шараларды күшейтіп, білім беру ұйымдары асханаларындағы санитарлық ақуалды да қатаң бақылауға алуды тапсырды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков те медициналық ұйымдардың нәтижелі жұмыстарын баяндады.
Қала басшысы жауаптыларға халық денсаулығын жақсарту шараларын сапалы атқарып, ең алдымен есепте тұрған науқастарды медициналық препараттармен мерзімінде қамтуды тапсырды. Сонымен қатар жиын барысында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің және «Шымкент-қайырымды қала» корпоративтік әлеуметтік даму қорының жұмыстары да қорытындыланды. Қала әкімі сала басшыларына халыққа қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс тиімділігін арттыруда бірқатар тапсырмалар берді.