Түркістан облысында су тасқынына қарсы жоспарланған 23 тапсырма орындалған. Бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында айтылды. Су тасқынының алдын алу барысы тұрақты бақылауда.  Арнайы жоспар әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Дархан Сатыбалды жауаптыларға қауіпсіздік шараларын толық атқарып, каналдар мен су көздерін бақылауда ұстауды тапсырды.
Өңірде «2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспарындағы 39 іс-шараның 23-і толығымен аяқталып, 5 іс-шара бойынша жұмыстар жалғасуда екен. Нәтижесінде 66,1 шақырым қашыртқы арналар механикалық тазалаудан өткен. 350 метр канал бетондалған. 1,9 шақырым арна түзетіліп, қазылған. Оған қоса 3 дана тоспа орнатылып, 4 жол асты құбыры ауыстырылған.
Жалпы облыста инженерлік жоспардан тыс 461 шақырым арық, 654 шақырымды құрайтын канал, 30 шақырым өткел тазалаудан өткен. Су тасқыны кезеңіне 109 мың дана қап, 1416 тонна инертті материал дайындалыпты. Бұл ретте,  ірі кәсіпкерлермен 67 меморандум түзіліп, 141 тонна жанар - жағармай дайындалған. Жиында облыс әкімі жауаптыларға қауіпсіздік шараларын толық атқарып, каналдар мен су көздерін бақылауда ұстауды тапсырды.
 Жиында су басу қаупі бар аймақтар түгел бақылауға алынып, тиісті қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылғаны айтылды. Кейбір су нысандарын жөндеу, реттеу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалған.