Сондай-ақ Түркістан облысЫның әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасыда өндіріліп жатқан мақта шаруашылығымен танысты. Жалпы облыста мақта шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. Бұл бағытта толық циклді 9 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары басталды. Мақта өнімділігі мен сапасын арттыру жұмыстары Ордабасы ауданында атқарылып жатыр.
Төрткүл ауылында орналасқан мақта өңдеу зауыты өнімділікті және мақта сапасын арттыру мақсатында түркиялық ұрықтар егеді. 2025 жылдан бастап 250 гектар аумаққа тамшылатып суару техникаларын ендіру көзделіп отыр. 2025-2026 жылдары зауыт қайта жаңғыртудан өткізілмек. 2027 жылы мақта кластерін құру жоспарланған. 2023 жылы мақта зауытында 18 мың тонна мақта өңделіп, 6 мың тонна мақта талшығы Балтық жағалауы елдеріне, Ресей және Беларусь мемлекеттеріне экспортқа шығарылған. Айта кетейік, Түркістан облысы республикада мақта дақылын өсіретін жалғыз өңір. 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Биыл мақта дақылының егіс көлемі 106,4 мың гектарды құрады. Бұл жалпы егістіктің 12 пайызы.