Шымкенттің биылғы бюджеті былтырғымен салыстырғанда 123 млрд теңгеге артқан. Қазір 10 айдағы Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Осы кезеңде қала экономикасының өсімі 12%-ды құрап, бюджет көлемі 779 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен көшпелі есеп беру кездесуінде мәлімдеді. Мегаполис басшысы атқарылған жұмыстар мен алдағы жобалар туралы баяндады.
Өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында жалпы аумағы 438 гектарды алатын екі жаңа индустриялық аймақ іске қосылды. Олардың қатарында: «Жұлдыз» индустриялық аймағы, мұнда құны шамамен 166 млрд теңге болатын 46 ірі заманауи кәсіпорын шоғырланады; «Бозарық» азық-түлік өнеркәсібі индустриялық аймағы, мұнда құны 44 млрд теңге болатын 25 жоба жүзеге асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, қала экономикасының дамуына жаңа серпін береді. Сонымен қатар, инвесторлар үшін тартымды жағдай жасап, халықты жұмыспен қамту деңгейін айтарлықтай жақсартады.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Президент Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 1,5 есе және еңбек өнімділігін арттыру міндетін қойды. Осы бағытта биыл 16 жобаның 12-сі іске асырылды. Олардың жалпы құны – 78,2 млрд теңге. 67,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, «Coca-Cola İçecek (CCI)» зауыты іске қосылып, 100 тұрақты жұмыс орны құрылды, сондай-ақ «Wan Sheng Ceramic» керамикалық плиталар шығаратын кәсіпорын ашылып, 350 адам жұмыспен қамтылды»
Жыл басынан бері Шымкентке 536 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңір экономикасын көтеру және ынталандыру үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасау маңызды. Биылдан бастап инвестицияларды тиімді тарту жұмыстарын арттыру мақсатында Shymkent-Invest фронт-офисі белсенді жұмыс істеп келеді. Бұл кеңсе инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. Бүгінге дейін мұнда инвесторларға шамамен 2 мың қызмет түрі ұсынылды, олардың ішінде бизнес-жоспар әзірлеуден бастап, жобаны жүзеге асыруға қажетті рұқсат құжаттарын толық сүйемелдеу бар.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Үкіметтің 2028 жылға дейінгі жоспарында қалаға 5,6 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Бүгінде 2,7 трлн теңгеге 220 инвестициялық жоба тобы құрылып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Ауқымды жобалардың бірі – еліміздегі ең ірі жылыжай кешені, оның жалпы аумағы 650 гектарды құрайды. Жобаны түрік инвесторы – «Alarko Holding» компаниясы 650 млн доллар инвестиция салып жүзеге асырады.»
Мегаполис басшысының айтуынша, көрсетілген қолдаудың арқасында тартылған инвестиция көлемі 536 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9% өскен. Сонымен қатар, әкім биыл Шымкентте белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 136 мыңнан асқанын атап өтті. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 23,5 млрд теңге қарастырылған.