Ордабасы ауданындағы Көкарал және Еңбекші ауылдарының тұрғындары табиғи газға қосылды. Аймақ басшысы Дархан Сатыбалды тұрғындардың қуанышын бөлісуге Төрткүл ауыл округіне қарасты Көкарал ауылына арнайы барып, табиғи газ беру рәсіміне қатысты. Тұрғындарды айтулы сәтпен құттықтап, ауылды көркейтуге үлес қосуға шақырды.
 Енді Көкарал және Еңбекші ауылдарындағы 200-ден аса абонент орталықтандырылған табиғи газға қосылып, 1,5 мыңға жуық тұрғын «көгілдір отынның» рахатын көреді. Газдандыру жұмысы кезең-кезеңімен жалғаспақ. Құрылыс жұмыстарын «Моналит Дизайн-2030» серіктестігі 2021 жылы бастап, биыл пайдалануға тапсырып отыр. Жалпы құбыр ұзындығы – 8,1 шақырым.
БЕЙСЕНБАЙ ДҮЙСЕКҰЛЫ - ТҰРҒЫН
- Еліміз көптен күткен ең бір қуанышты сәттің куәсі болып оытрмыз. Олыс әкімі өзі келіп газ құрылысын ашып бері үлкен жаңалық болғалы тұр ауылымызда. Ауылымыздың еңкейген баласынан қартайған қариясына дейін  осы тірліктің басында. Қуаныштымыз.
Өз кезегінде ауыл ақсақалдары инфрақұрылымды жақсартып, тұрғындарға «көгілдір отын» игілігін тарту еткен мемлекетке, өңір басшысына алғысын жеткізді.

 Түркістан облысында 2023 жылы 111 мыңнан астам халық газбен қамтылды. Бұл еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Яғни газбен қамтылған әрбір 3-ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, жыл қорытындысымен газбен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 557-ге артып, қамту деңгейі 69%-ға жететін болады.