Түркістан облысында инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыстар жанданып келеді.  Ордабасы ауданы «Бадам» индустриалды аймағында  жаңа инвестициялық жобалардың құрылысы басталған болатын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына арнайы іссапармен барып,  алюминий профиль бұйымдарын шығаратын зауытты аралап, жұмыс барысын бақылады. Кәсіпкерлермен пікірлесті.
 «Сentral Аsia Аluminum company» компаниясының алюминий профиль бұйымдарын өндіру зауытының құрылысы Бадам индустриялды аймағында жүргізілуде. Жобаның инвестициялық құны 4 млрд. 400 млн.теңге, Бірінші кезеңі  2025 жылдың наурыз айында іске қосылып, 200 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтиды. Жылдық қуаттылығы – 10 мың тонна. Ал екінші  кезеңі іске қосылғанда 150 жұмыс орны ашылмақ.
Іссапар аясында Дархан Сатыбалды Бадам ауылындағы  «RZN» серіктестігінің автоклабталған газоблок шығаратын зауытының жұмысымен де танысты. Жобаның инвестициялық құны 1 млрд 500 млн теңгені құрайды, ал қуаттылығы жылына 85 мың текше метр.
Зауыт толықтай іске қосылған соң 25 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Жер аумағы 3 гектар.  Аудандағы  зауыттарды  аралап көрген облыс әкімі мемлекет тарапынан ұсынылған жер уақтылы игеріліп, кәсіпорындар өз мерзімінде ашылуы керек екенін жеткізді. Сонымен бірге индустриалды аймақты абаттандырып, көгалдандыру қажеттігін, жергілікті тұрғындарды үйретіп, жұмысқа тарту керектігін ескертті.