Шымкенттің үздік жастары анықталды. Белсенді топқа арналған премияны бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы табыстады. Әр салада көшбасшылық танытқан жастар елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі жолында еңбек ететініне сенім білдірілді. Үздіктердің сапында біздің арнаның жас тілшісі Қанат Жолдасбек те бар.
 Қанат Жолдасбек – Оңтүстік телеарнасының тілшісі. Қарашаңырақта 6 айдан бері еңбек етіп отыр. Қарашаның мұңын мінбердегілерге бүкпесіз жеткізіп жүрген жас маман «Үздік премия» жаңалықтар бөліміндегі жұмысыма жігер береді,-деп отыр.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, «ҮЗДІК ЖАС ЖУРНАЛИСТ» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРІ
Бұған дейін де қарап жүрген жоқпыз, талай мәселені көтердік. Енді бұл марапат маған жігер береді. Алдағы уақытта осы жасап жүрген жұмыстарымызды жалғастырамыз. Өйткені осы саланы өзім таңдағанмын. Талай телеарналарда жұмыс істедім.  
 «Үздік жас хореограф» номинациясын «Балауса» би студиясының жетекшісі иемденді. Бүлдіршіндерді шығармашылыққа баулып жүрген маман жылды жемісті қорытындылағанын алға тартады. Келер жылға жоспарлары да ауқымды.
БОТАГӨЗ МАРАТОВНА, «ҮЗДІК ЖАС ХОРЕОГРАФ» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРІ
500 дей жас қыздармен жұмыс істеп отырмыз. Бұл деген ата-аналардың ғана емес, Шымкент қаласының намысы үшін қолға алынып отыр. Сондықтан мынау марапат енді күтпеген тосын сый болды.
 Үздіктер номинациясы дәстүрге айналған. Кезекті жобаға өтініш білдіргендер әділ қазылардың сүзгісі арқылы өткен.
 Кезекті жиында марапатқа қол жеткізгендер мегаполистің өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген мамандар. Осылай деген шаһар басшысы жас буынға артылар күш ауыр екенін тілге тиек етті. Осылайша 2025 «Еңбек адамдарының жылын» шымкенттіктер толағай табыстармен қарсы алмақ.