Картопты қымбат сатқандар жазаланып жатыр. Арнайы топ қалада шағын дүкендердегі көкөніс бағасына мониторинг жүргізген. Кейбір кәсіпкерлер күнделікті тұтынатын әлеуметтік тауардың бағасын аспандатып, айыппұл арқалап қалды.
Картопқа қатысты ахуалды өз мақсаттарына пайдаланып, қымбатқа сатқандар да анықталып отыр. Көбіне үй жанындағы кішігірім дүкендер көкөніс бағасын 2-3 есеге дейін өсіріп жіберген.
Қала билігі тұрғындарға аса қажетті өнімдердің бағасын тұрақтындыру мақсатында ірі сауда орталықтарымен арнайы келісімге отырған. Ол желілерде өнім құны келісілген көлемде тоқсан бойы сақталады.
Әлеуметтік тауарлар қатарына күнделікті қажетті 19 түрлі азық-түлік жатады. Мәселен, келісімшартқа отырған дүкендерде ұн 155 теңге, картоп-пен сәбіз 150 теңге, қант 360 теңге, жұмыртқа 51 теңгеден сатылады. Мұндай бағаға тұрғындар да риза.
Сауда министрлігі картоптың орта бағасы 320 теңгеден аспайтынын айтты. Бүгінде ел бойынша тұрақтандыру қорында 62 мың тонна картоп бар. Еске салайық, алты айға дейін картоп экспортына шектеу қойылды.