Биыл 50 жыл жөндеу көрмеген жолдар толық жөнделмек. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.
 “Жөндеу жүргізілмегеніне 30 жылдан 50 жылға дейін болған жолдар, Петропавл – Жезқазған, Қандыағаш – Шалқар, Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы, Қарағанды – Аягөз – Боғас толық жөндеуден өтеді”, - деді министр. Жалпы биыл жаңа магистралдар құрылысы мен 13 мың шақырым жол жөндеу жұмысы басталады. Оның 9,5 мың шақырымы қажетті қаржымен қамтамасыз етілген, қалған шақырымын қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізіледі. Министр мердігерлерді таңдау кезінде отандық компанияларға немесе шетелдік әріптестердің қатысуымен консорциумға артықшылық берілетінін атап өтті. “Бұдан басқа, Президенттің тапсырмасы бойынша, 2029 жылға дейін 3 мың шақырым жолды бірінші және екінші санаттарға ауыстыра отырып, реконструкциялау жоспарланып отыр”, - деді.