Түркістанда дойбыдан ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатының жалауы көтерілді. Республикалық додаға еліміздің түпкір-түпкірінен  16 команда, 80-ге жуық спортшы қатысып жатыр.
Сайыстың салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысқан дойбыдан мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев жас өрендерге сәттілік тілеп, жарыстың тартысты әрі әділ өтуі үшін бар күш-жігерді шыңдап, аянып қалмау қажет екенін айтты.
 Сайысқа қатысушылар ішінде әр өңірден іріктеліп шыққан 19 спорт шебері, 2 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен 1 гроссмейстер бар.  Айта кетейік, чемпионатқа жергілікті 12 спортшы қатысып, облыс намысын қорғап жатыр. Қатарында Азияның 7 дүркін және әлемнің бірнеше дүркін жүлдегері Есбол Еренғайып, Айбек Наралиев, Нұрасыл Құдайберген сынды таланттар да бар.
Сайыс барысында қатысушылар өздерінің жылдамдығын, төзімділігін және стратегиялық ойлау қабілеттерін көрсетеді. Жарыс нәтижелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Күзде Түркия елінде өтетін Әлем чемпионатына жолдама алмақ. Сондықтан да қатысушылар арасында тартыс пен жеңіске деген жігер басым. Чемпионат нәтижесі 10 ақпан күні белгілі болмақ.