Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, заңсыз айналымнан қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтарды анықтау және тәркілеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Polisia.kz-тің хабарлауынша, жаппай тәртіпсіздік кезінде 2960 табельдік және азаматтық қару ұрланған.
Соңғы үш жылда жүргізілген жедел іс-шаралардың, тінту және рейдтердің нәтижесінде 8 мыңға жуық атыс және травматикалық қару, 831 граната және түрлі калибрлі 112 мыңнан аса оқ-дәрілер табылып, тәркіленген. Сондай-ақ қару жасырылған 722 орын анықталыпты. Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 1226 қарудың шығу тегі нақты айқындалған. Қалған 6765 қарудың қылмыскерлер тіркеу нөмірлерін қасақана жойып, өшіріп тастағанына байланысты тиісті сараптамалар тағайындалды, - дейді ішкі істер министрлігінің ресми өкілі. Биыл қаңтар айында Шымкент қаласындағы зират маңынан қару-жарақ жасырылған орын табылып, 4 тегіс ұңғылы мылтық пен түрлі оқ-дәрілер тәркіленді. Олардың ішінде Алматы қаласындағы қару-жарақ дүкенінен қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар да бар. Сондай-ақ Қостанай облысында бұрын сотталған жергілікті тұрғынның да жертөлесінен 3 Калашников автоматы табылып, тәркіленген. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалыды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.