Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір ардагерлерімен жүздесті. Аға буынмен маңызды мәселелер бойынша ашық сұхбаттасты. Аймақты дамыту бағытында зиялы қауым өкілдерінің ұсыныс-пікірлері мен кеңестерін тыңдады.
Нұралхан Көшеров мемлекет басшысы жауапты қызметке тағайындаған соң бірінші кезекте ел ағаларының ой-пікірлерін білуді жөн санаған. Туып-өскен Түркістан өңіріне қызмет ету – облыс басшысы үшін үлкен жауапкершілік пен перзенттік парыз екендігін атап өтті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгінгі таңға дейін теріп жинаған барлық білімімді тәжірибемді аямай 24 сағат жұмыс істеуге дайынмын.
Жиынға келген зиялы қауым өкілдері жаңа басшыға сәттілік тіледі. Экономикасы қарқынды дамып жатқан аймақтағы шаруаны ширата түсетіндігіне сенім білдірді.
БЕКЕТ ТҰРҒАРАЕВ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Ең қымбаты ел сенімін ақтау.Елдің сенімін ақтаған адам ешқашан қор болмайды. Сізге табыс тілеймін . Істеген ісіңіз берекелі болсын.
ЖЕҢІСБЕК МӘУЛЕНҚҰЛОВ, «АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ» РҚБ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Сізді өңір жұрты экономикамен келген терең іскер басшы ретінде таниды. Әкімнің орынбасары ретінде өңіріміздің дамуына үлес қосқаныңызды білеміз
Жиын барысында Ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, әдебиет зерттеушісі, профессор Құлбек Ергөбек, республикалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Икрам Хашимжанов сөз алып, ел тұтастығын сақтау, өңір әлеуетін арттыру жайында ой қозғады. Өңірдің өзекті мәселелерін, ұрпақ тәрбиесі жөнінде келелі пікірлер айтты. Ел ағаларының ұсыныстарын тыңдаған аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.