USTA FEST фестивалі өз мәресіне жетті. Апта бойы ағаш ұсталары қарапайым бөренеге өң беріп, түрлі кейіпке ендірді. Жұмыс процесін Арбат алаңына келушілер бастан-аяқ тамашалап, есіл еңбекке куә болды. Халықаралық деңгейде өткен шеберлер көрмесіне Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыстан, Моңғолия, Беларусьия және Ресей мемлекеттерінің ағаш ұсталары қатысып, 10-ға жуық мүсін дайындады. Енді еңселі ескерткіштер мегополистің көркікті орындарына қойылып, шаһар сәнін еселейді.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
6 күнге жалғасқан фестиваль өз мәресіне жетті. Ағашты өңдеп, оған өң берген шеберлер қысқа уақыт ішінде дәл мынадай қарапайым бөренеден көрген көздің жауына алатын ағаш мүсіндерді жасап шықты.
Моңғолиялық шебер Жаргалма Мухжаргал – домбырамен ән шырқап тұрған қазақ әйелін бейнелеген. Үстіне ұлттық нақыштағы камзол, басына бөрік киген. Өнерпаздың жанында етегіне жармасып, күлімсіреп тұрған бала бейнесі қашалған. «Бұл арқылы мен қазақ табиғатын ашып көрсетіп, оның дархан көңілін паш еткім келді. Жаны жомарт, пейілі кең халық әйелзатына қашан да құрмет көрсетіп, мәртебесін биік ұстаған» дейді идея авторы.
ЖАРГАЛМА МУХЖАРГАЛ, АҒАШ ШЕБЕРІ
«Қазақ әйелі еркіндік пен теңдік символы. Оның ән шырқап, ойын еркін айтуына тосқауыл қойылмаған. Жалпы фестивал деңгейі өте жоғары. Шымкенттіктердің қонақжайлы көңілі, адамгерлік қасиеті қатты ұнады.»
Ал шымкенттік шебер Мұратәлі Көшкінбаев «Қорқыттың күйі» атты композиция әзірлеген. 3 метрге жуық тік мүсіннің ұшар басында қобыз тартып отырған жырау бейнесі орналасқан. Туындының орта шенінде көк бөрінің, самырұқ құс пен сақ, ғұн элементтері бар. Бұл көшпенділер тарихынан ақпар беріп, жүріп өткен жолыннан сыр шертеді - дейді ұста. Ал ағаштың дәл орта тұсында жұмыр жер көрініс тапқан. Бұл жалпы адамзаттың татулығы мен бірлігін, ортақ мүддесін көрсетеді. Шебер қысқа уақыт ішінде бөренені сөйлетіп, өн бойына түп тарихты тоғыстырмақты көздеген.
МҰРАТӘЛІ КӨШКІНБАЕВ, АҒАШ ШЕБЕРІ
«Өнер деген бітпейді. Шек жоқ мұнда. Сіздерге «міне болдым. Біттім» деп көрсетпесем ол кете береді.»
Туындыларды тамашалауға келген халықтың қарасы мол. Қаз-қатар тізілген ағаш мүсіндерге сүйсініп, көз алмай ұзақ қарағандар да болды. Тіпті тебіреніп, ерекше әсерге бөленгендер де табылды.
«Бұл енді қолөнер болғаннан соң бағалануы тиіс қой.» «Жақсы салынған өнерлері» «Бірінші кіргеннен бастап жақсы жұмыстарды көріп келе жатырмын. Бұл жастарға үлгі-өнеге беріп тұр деп ойлаймын.»«Мен ойлағам Ресейдің шебері қазақтың құндылығын аша алмайтын шығар деп. Бірақ керемет жасапты қарап отырсаңыздар. Барлығы үйлесіп тұр.»
Жабылу салтанатына қала билігі арнайы келіп, дайын өнімдерді тамашалады. Шеберлерге алғыс білдіріп, өнердің бағланатынын алға тартты. Қатысушыларды марапаттап, арнайы сертификат табыстады.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қолөнерсіз мәдениетті елестету мүмкін емес. Сондықтан да осы фестиваль ұйымдастырылды. Мүмкін болашақта осы сынды керамикадан не басқа да дүниелерден әзірленетін фестивальдер өтіп тұратын болады.»
Кәсіби жұмыстар далада қалмайды. Олар қала көркін еселеп, шаһар сәнін арттыру мақсатында мәдени орындарға қойылып, халық назарына ұсынылады.
БАУЫРЖАН ОРЫНТАЕВ, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Қонөнер шеберлеріне деген құрмет. Біздегі мына дүниелердің барлығы қала күніне сыйлық болып қалады.»