Шымкентте Халықаралық йога күні аталып өтті. Тұрғындар Наурыз алаңына жиналып йога жаттығуларын жасады. Жалпы, он жылдан бері тойланатын бұл күн – денсаулық пен үйлесімділіктің, ішкі тыныштық пен рухани дамудың символына айналған.


Таңсәріден бастап Наурыз алаңына жиналған жүздеген адам бірлесіп ашық аспан астында йога жаттығуларын жасады. Қатысушылардың арасында кәсіби нұсқаушылары да, алғаш рет айналысып жүргендері де бар.


САБИНА ОМАР, ЙОГА НҰСҚАУШЫ

«Біз бұл күнді Шымкентте 3 жылдан бері тойлап келеміз. Қала тұрғындары біртіндеп үйреніп келеді. Біздің клубтағы қатысушылар саны да жылдан – жылға артуда. Олар йоганың пайдасын біліп, өз денсаулықтарына, ішкі үйлесімділіктеріне мән беруде».


Іс-шара барысында тыныс алу жаттығулары, денені сергітетін түрлі асаналар орындалып, йоганың адам ағзасына пайдалы әсері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жаттығулар денсаулықты нығайтып қана қоймай, адамдарды рухани үйлесімге жетелейді.


РАДЖИД ОТКЭЛ, СТУДЕНТ

«Жыл сайын 21 маусымда йога күнін атап өтеміз. Бүгін керемет афмосфера болып жатыр. Йога бұл – денені басқару. Мен өте қуаныштымын йогамен әлем елдері айналысуда. Ол керемет жан мен тәнге тыныштық сыйлайды».


Йога – жай ғана дене жаттығулары емес, бұл – өмір салты. Ол адамның ойы мен денесін, жан-дүниесін бір арнаға тоғыстырып, үйлесімділікке жетуге көмектеседі. Сондықтан Халықаралық йога күні – өзін-өзі тануға, денсаулыққа, тыныштық пен тепе-теңдікке ұмтылудың мерекесі деуге толық негіз бар.