Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай, осы қызметке алғаш қадам басып, сынақ мерзімін сәтті аяқтаған жас мамандар ант қабылдады. Бұл рәсім - олардың адал қызмет етуге деген ниеттерін айғақтайтын маңызды қадам болды. Кәсібін адал атқарып, халық игілігі үшін еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтардың да еңбегі еленді. Іс-шараның басы-қасында болып қайтқан әріптесімізді тыңдалық.


Ақ көйлек, қара галстук, қыр шалбар мен ұқыпты таралған шаш. Мемлекеттік қызметкердің образы тек мұнымен өлшенбесе керек. Оларға артылар міндет пен жүктің қаншалықты ауыр екенін қатарға енді қосылған Асқар Бәйтік жақсы түсінеді. Бұған дейін қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, әкімдіктегі бірқатар қызметте болған ол ресми түрде ант қабылдап, ел игілігі үшін еңбек етуді жалғастыра бермек.


АСҚАР БӘЙТІК, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ

Елдің игілігі үшін жүрген мемелекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі. Бұл мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікті талап етеді, сондықтан адалдықты талап ететін абыройлы міндет. Осыған орай өзімнің әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!


Елімізде «кәсіби мемлекеттік қызметкерлер» күні мерекесі 2014 жылдан бері тойланып келеді. Шымкент қаласының өзінде бүгінде бұл бағытта қалтқысыз қызмет етіп жүрген 2000-нан аса маман бар. Олардың арасында жастардың үлесі басым.


ҚАНАТ ҚАДЫРБЕКОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ

Жас жігіттер мен қыздардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылықтары артып келе жатқанын айтып кетсек болады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметке орналасудың өзіндік оңтайлыжолдарының бірі және мем.жүйеге кіремін дейтін азаматтардың іріктеу жүйесіне артып келе жатқанын байқауға болады. 


Жиын барысында қалалық білім басқармасы мен мәдениет бөлімінің мамандары мемлекеттік қызметкерлер қатарына қабылданып, антына адал, сертіне селкеу түсірмеуге уәде етті. Ал, қызметін абыроймен атқарып келе жатқан бірқатар азамат «Мемлекеттік қызмет ардагері», «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен, қала әкімі алғыс хаттары мен түрлі байқау номинацияларымен марапатталды.