Елде «Temu» мен «Pinduoduo» тауарларына сұраныс күн санап артып келеді. Қазір де тапсырыс берушілер қатары көп. Бірақ, сарапшылар мұндай маркетплейстер отандық шағын және орта бизнес келешегіне қауіп төндіреді деп отыр. Ал, кәсіп иелері не дейді? Шынар Әуелбайдың бейнематериалында толығырақ....
Қазірде Қытайдың саудасы қызып тұрған сайттарынан киетін киіміңізден бастап электроникалық заттарыңызға дейін алдыра аласыз. Тіпті, көп мөлшерде тапсырыс беріп, кәсібін дөңгелетіп отырғандар бар. Біріншіден, олардың бағасы қолжетімді, әрі тез жеткізіледі. Онымен қоса біздің елде тіркелмегендіктен, бұған дейін баж салығы да төленбейтін. Ал мұның керағар тұстарын көріп отырған отандық кәсіп иелерінің бірі –Аяулым. Ол бизнесін енді дөңгелетіп келе жатқан кәсіпкер. Бастапқыда ол да қытайлық сайттардан тапсырыс жасап, сатпақшы болыпты. Алайда, күн шығыс елінен келген өнімдердің сапасы сын көтермейтін болып шықты.
АЯУЛЫМ ЖОНБАЙ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР
Шетелдік сайттар яғни, арзан өзімізге күнделікті қолданыста жүрген сайттар бізге өте үлкен бәсекелес болып жатыр деп айта аламын. Себебі, қазіргі таңда көптеген қыз-келіншектер сол сайттардан қолайлы тиімді арзан деп сол сайттарға заказ беріп, біздің саудамыз өліп жатыр. Мен оған қарсымын. Себебі, ол сайттар бізге сапасын білмейміз. Қолымен ұстай алмаймыз. Киіп көре алмаймыз. Ал, бізде келесің, көресің, киесің. Барлығын өз көзіңмен....
Ал, сарапшылар атағы айғайлап тұрған мұндай сайттардан көрі отандық кәсіпкерлерді көбірек қолдау керегін айтады. Әсіресе, кішігірім цехтар мен өнім шығаратын кәсіпорындардың әлеуетін арттыру үшін арнайы қосымшаларды шығару қажет дейді.
ҚАЗБЕК МАЙГЕЛЬДИНОВ, САЯСАТТАНУШЫ
Маркетплейстер Өкінішке қарай отандық өндірушілерге кері әсерін тигізіп отыр. Бір ғана мысал келтірейік.Көрші өзбекстанда аталмыш Тему маркетплейсті жарнамасымен жергілікті бизнеске бәсекелес тұрғысынан үлкен артықшылыққа ие болғандықтан, бұғаттаған. Нәтижесінде қазір 20 млрдтан астам сом салық төлеуге мәжбүр болып отыр. Сол сияқты бізге де отандық өндірушелердің құқықтарын сақтау мен бәсекеге мүмкіндіктерін арттыру үшін осындай маркетплейстерге салықтық саясат құрған дұрыс сияқты.
Дегенмен жауаптылар мұндай компаниялардың жұмысын реттеуге тырысып жатыр. Мәселен, биыл ақпанда «Temu», «Pinduoduo», «Alibaba Group» компанияларын қоса алғанда, 101 онлайн сауда платформасы салық есебіне қойылыпты. Алайда бізде бажсыз әкелу шегі бар болғандықтан олар кедендік бажды төлеуге құқылы емес. Бұл әрине, әлі де болса отандық бизнесті шетелдік маркетплейстер алдында осал ете түсетіні анық.