Өлең оқып, 1 млн теңге жеңіп ал! Осы ұранды ту еткен "Абай әлемі" байқауының бірінші кезеңі аяқталды. Республикалық деңгейде өткен жарысқа еліміздің түрлі аймағынан 100-ден аса өтінім келіп түскен. Оның 26-сы іріктеліп, финалдық кезеңге жолдама алды. Енді жүзден жүйрік танылғандар 10 тамыз күні ақтық сында бақ сынайды.
Байқаудың іріктеу кезеңі онлайн форматта өтті. Үміткерлер Хәкім шығармаларын оқып, видео нұсқаны Абай кітапханасына жолдаған. Ұйымдастырушылар оны әлеуметтік желіге жүктеп, халық төрелігіне ұсынды. Енді көптің көңілінен шығып, ең көп лүпіл жиған 26 қатысушы финалдық кезеңде өнер көрсетеді.
ЖАНСАЯ ҚАЙЫП, АБАЙ ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
– «Осыған дейін қалалық деңгейде екі рет өтті. Биылғы жылдың ерекшелігі республика көлемінде өтіп жатыр. Тағы бір ерекшелігі 18 жас пен 35 жас аралығындағы жастар қатысады.» «Қостанайдан, Семейден, Оралдан жалпы Республикамыздың барлық өңірінен өтінімдер келіп түсті.»
Ақтық сында қатысушылар данышпанның бір шығармасын жатқа оқып, сахналық қойылым көрсетеді. Абай мұрасын зерттеп, тың жаңалық ұсынады. Хәкімнің өмірі мен еңбектеріне қатысты қойылған сауалдарға жауап беріп, білім деңгейін сынайды. Оны арнайы жасақталған комиссия мүшелері бағалап, кім мықтыны анықтайды.
МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– Осының негізінде жеңімпаздар анықталады. Бас жүлде иегері 1 млн, 1 орын 700 мың теңге, 2 орын 2 адамға 500 мың теңге, 3 орын 300 мың теңге 3 адамға.. Қалған қатысушылардың барлығына ынталандыру ретінде 150 мың теңге берілетін болады.»
Айта кетейік, «Ұлы даланың ұлы Абай» атты тақырыппен өтетін ақтық сын 10 тамыз күні Абай саябағында өтеді. Мөлдір Оңдасынованың айтуынша, жеңімпаздар мен жүлгерлерге берілетін сыйақылар жергілікті бюджеттен бөлінген.