Шымкент қаласында энзоотиялық аурулардың таралуының алдын алу мақсатында дезинфекциялық жұмыстардың кезекті кезеңі басталды. Іс-шаралар «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен «Ұлттық сараптама орталығы» Шымкент қалалық филиалының бірлесуімен жүзеге асырылуда.
Аталған профилактикалық жұмыстарға 18 білікті дезинфектор маман және 6 арнайы техника бірлігі жұмылдырылған. Кенелер мен басқа да зиянды жәндіктердің көбеюіне тосқауыл қою мақсатында келесі бағыттарда залалсыздандыру шаралары жүргізілуде. 152 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарларына арнайы сертификатталған препараттармен бүрку және тоғыту жұмыстары. 2,3 млн шаршы метр қора-жайлар мен буферлік аумақтар мен 2,3 млн шаршы метр көлемінде саябақтар мен гүлзарларды өңделеді. Айта кету керек, бұл жұмыстар тек ауыл шаруашылығы жануарлары бар үйлер мен арнайы қора-жайларға тегін, яғни бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Залалсыздандырудың тиімділігі тазалыққа тікелей байланысты. Осыған орай, қала тұрғындарына қора-жайларын алдын ала механикалық тазалауды жүргізіп, қоқыстан арылтуды ұсынамыз. Бұл дезинфекция жұмыстарының нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғындар арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша сақтық шараларын сақтау қажеттігі ескертіледі. Аталған ауру адамға кене шағу немесе қанға тойған кененің қаны теріге, шырышты қабықтарға тиген жағдайда жұғуы мүмкін. Сондықтан малдарды қырқу, кенелерді жою кезінде жеке қорғаныс құралдарын қолдану ұсынылады.