Білім беру мекемелеріне заманауи аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбек кезекті баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Жаңа жүйенің бірнеше артықшылығын атап өткен ол жоба туралы толыққанды ақпарат айтты.
Жаңа жүйе білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын арттыру мақсатында қолға алынған. Бұған дейін желіні өзге компания, бейнебақылау құрылғыларын басқа мекеме орнатқан болса, жоба аясында барлық қауіпсіздік жүйелері бір орталықтандырылған кешенге біріктіріліп, барлық жүйе өзара үйлесімді жұмыс істейтін болады.
Жобаны іске асырушы серіктестік жыл соңына дейін шамамен 4,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салуы тиіс. Жалпы 5,5 млрд теңге үш жылға бөлініп, сервистік қызмет негізінде ай сайын төленеді. Бұл соманы Шымкент қаласы мәслихаты бекітіп, биылғы жылғы қаржысы қарастырылған. Сонымен қатар, келісімшарт бойынша компания төртінші жылда тегін қызмет көрсетеді, одан бөлек бес жылға кепілдік береді»,- деді ресми өкіл. Жоба аясында жалпы саны 10 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылады. Ал қазіргі таңда мектептерде тұрған бейнекамералардың 2600-і – ескі, техникалық талаптарға сәйкес келмейтін аналогтық жүйелер. Аталған камералар толықтай жаңартылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына шығуға бейімделеді.
Сәрсен Құранбектің айтуынша, камера орнату кезінде жеке тұлғалардың құқығы да ескерілуде. Мәселен, дәретханаларға камера орнатылмайды, өйткені бұл адамның жеке кеңістігіне қол сұғу болып саналады. Ал оқу кабинеттері – қоғамдық кеңістік, онда оқу процесі өтетіндіктен бақылау камераларымен жабдықталуы жеке басқа қолуға сұғуға жатпайды. Жоба шеңберінде Жедел басқару орталығы, Әдістемелік орталық, дабыл жүйесі мен цифрлық инфрақұрылым толық интеграцияланып, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін болады. Бұл бағытта осы жүйені енгізген Алматы қаласы мен Атырау облысы сияқты Шымкент қаласы да алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі болмақ.